ШҰҒЫЛ! Ақылы демалыс Толығырақ

«Торпедо» командасы жеңіске жетті

14:21, 7 қазан 2019

Өткен жексенбіде Өскеменнің «Торпедо» командасы «Жоғарғы хоккей лигасы-Жібек жолы Кубогы» аясында овертаймда Қарағандының «Сарыарқасын» тізе бүктірді. Жергілікті жанкүйерлер алдында өткен дербиде Алексей Ждахин шәкірттері 16 ұпаймен кестедегі 8 орынды сақтап қалды. Ал ойын  қаһарманы – 31 жастағы шабуылшы Денис Игнашин.  Өскемендік клуб өз алаңындағы соңғы ойындарын ойнады. Мұз айдыны саңлақтары арасындағы доданы тамашалаған көрермен қарасы көп болды.  Қонаққа келген «Сарыарқа» командасы оңай шағылар жаңғақ емес екенін ойын барысында көрсете білді. «Петров Кубогінің» жеңімпаздары бірінші кезең соңында есеп ашып, өскемендіктерді толассыз шабуылдарымен айтарлықтай әбігерге салды. Дмитрий Бойчук қарсыластар сапындағы  алғашқы шайбаны салды. Екінші жиырма минутта екі команда да шабуылдар легімен алмасты. Бірі есепті еселеуді межелесе, енді бірі ойын тізгінін өз қолдарына алып, тең нәтижеге қол жеткізуге ұмтылды. Ал үшінші кезеңде өскемендік жанкүйерлердің мерейі үстем болды. «Торпедо» сапындағы  Денис Игнашин және Александр Шин өзара «пас» алмасып, есепті теңестірді. Негізі уақыт аяқталуға 26 секунд қалғанда, «Торпедо» құрамасындағы Никита Куракин ойыннан шеттетілді. Дегенмен,  Леонид Тамбиев шәкірттері ұтымды сәтті пайдалана алмады. Ал овертаймда өскемендік «Торпедо» сапында өнер көрсететін Денис Игнашин дубль иесі атанып, ойындағы соңғы нүктені қойды. Осылайша өскемендік хоккейшілер жергілікті жанкүйерлерін қуантып, жеңіске жетті.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар