ШҰҒЫЛ! Халық алдындағы есептік кездесу Толығырақ

Тағылымы мол байқау

16:53, 12 ақпан 2020

«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр» - деп атақты жазушы Мұхтар Әуезов айтпақшы, ХХІ ғасырда да Абай Құнанбайұлының мәңгілік мұрасы өзектілігін, құндылығын жоғалтпаған. Шығармалары әлемнің 116 тіліне аударылды. Озық ойлы ғұламаның шығармашылығына арналған «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» атты мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы байқау өтті.

Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 орта мектепте түрлі бағыттағы мәдени-спорттық шаралар жиі өткізіледі. Осы жолғы байқауға ата-аналар мен мұғалімдерден құралған 2 топ қатысты. Бірінің атауы - «Май түні», екіншісі - «Дана Абай». Байқауда 10 тақырып бойынша бақ сынаған топ мүшелері ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың маңызы зор екенін айтады.

Абайдың 175 жылдығына арналған байқауда ақынның «Қара сөздері» оқылды. Бүгінгі өмірмен сәйкес келетін тұстарына мән берілді. Ата-аналар мен ұстаздарға «Абайдың неше әні бар?», «Қанша әні нотаға түскен?», «Абайдың күйлері қалай аталады?» деген сұрақтар қойылды.

Қатысушылар Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады.  Ата-аналар мен мұғалімдердің білім-қарымын бағалаған қазылар алқасы олардың байқауда жіберген кейбір кемшіліктерін атады.

Қазақ халқының ұлы ақыны, дана ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында өткізілген байқау жеңімпаздары болашақта қалалық, облыстық байқауларда бақ сынайды. 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар