ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ҚАУЛЫ Толығырақ

СУ ЖАҢА ПӘТЕРЛЕРДІҢ ТӨБЕСІНЕН СУ АҒЫП ЖАТЫР

17:50, 4 қыркүйек 2020

Өскеменде жаңа үйлердің сапасына қатысты тағы да дау шықты. Бұл жолы «Алтай» телеарнасының редакциясына Қ.Сәтпаев даңғылында жуырда ғана пайдалануға берілген көп қабатты үйдің тұрғындары шағым айтты. Түнімен жауған жаңбырдың салдарынан оныншы қабат тұрғындарының үйін су алып кеткен. Мәселенің мән-жайымен әріптестеріміз танысып қайтты. Раушан Сағымбаева осы жазда көптен күткен пәтеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлаған жалғызбасты ана. Алайда, қуанышы көпке созылмады. Қаланың әдемі жерінде орналасқан үйлерге қызығып, артынша сан соғып қалды. «Парк-сити» тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтеріне жөндеу жұмысын жасап та үлгерген. Дегенмен, төбеден аққан судың кесірінен енді баспананы қайтадан қалыпқа келтіруден басқа амалы жоқ.  «Төбеден су кетіп жатыр» деп тұрғын бұрын да дабыл қаққан-ды. Үйді салған компания өкілдеріне хат жазып, мәселені тамызға дейін шешуін өтінген. Алайда, жауапты мамандардың күнде «ертеңі» таусылмады деп налиды пәтер иелері. Құрылыс ұйымы өкілінің сөзінше ушығып тұрған мәселе жоқ. Бәрі түзетіледі деп сендірді. Компания мамандары «алдағы екі күн ішінде төбедегі олқылықты орнына келтіреміз» дейді. Раушан Сағымбаева бұл пәтерді мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 жылға ипотекаға сатып алған тұрғындардың бірі.  Баспана үшін ол ай сайын 70 мың теңге төлейді. Тұрғын үйдің қызығын көрудің орнына, кірмей жатып проблемаға тап болған жалғызбасты ананың енді күтуден басқа амалы жоқ. Ал қыс қыр астында.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар