ШҰҒЫЛ! Ақылы демалыс Толығырақ

ШҚО-да жаңа туған нәрестелерге домбыра сыйға тартылды

14:50, 9 шілде 2019

Домбыра — қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы. Халықтың табиғи болмысы, жандүниесімен біте қайнасып кеткен қосішекті бірегей аспап елімізде ерекше әспеттеледі. Осыған дәлел, биылғы Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстан Халқы Ассамблеясы республикалық акция өткізді. Мереке күні Шығыс Қазақстан облыстық «Ана мен бала орталығында» дүние есігін ашқан сәбилерді ата-аналары мен туған-туыстары ғана емес,  «Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының» өкілдері де құттықтады. Перзентханада жатқан аналарға ұлттық домбыра аспабы, түрлі сыйлықтар тарту етілді. Шоматовтардың қуанышында шек шоқ. Бұл күні отбасыларында Кәусар есімді қыз дүниеге келді. Нәрестенің әкесі домбырада шебер ойнайды және қызын да осы құдіретті өнерге жастайынан баулитынын жасырмады. Перзентхана қызметкерлері  ұлттық домбыра күні тағы да бірнеше бала дүниеге келгенін айтты. Барлығының дені сау, өздерін жақсы сезінеді. Ұлттық музыкалық аспапты салтанатты түрде тапсыру рәсімімен бірге  үкімен әшекейлеу ырымы көрсетілді. Бұл акция ежелгі салт-дәстүрді қайта жаңғыртудың бір көрінісі.  Әр үйде ұлттық кодты танытатын, ұлттық құндылықты дәріптейтін домбыра болуы заңдылық. Ертеден келе жатқан ата-баба тарихы мен мәдениетін сақтауға ықпал етеді.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар