ШҰҒЫЛ! АСТАНА НҰРСҰЛТАНҒА ӨЗГЕРТІЛДІ Толығырақ

САПАСЫЗ САЛЫНҒАН БАСПАНА

18:30, 19 ақпан 2019

Сапасыз салынған баспана жыры зайсандық жұртты әбден әбігерге салды. Аудан орталығында былтыр жазда 120 пәтерлі үй пайдалануға беріліп, жұрт бір мәз болған еді. Алайда, сол жаңа үйлер жарты жыл өтпей жатып-ақ сыр берген. Зайсан қаласының тұрғындары редакциямыздың «Резонанс» айдарына жүгінді. Жергілікті жұрттың проблемасымен тілшіміз Меруерт Расулова танысып қайтты.Зейнеткер Гүлсамал Маржатова өз үйінде қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр. Себебі, аязды күндері бөлме температурасы 10 градустан аспайды. Үйдегі жылу батареялары шаршы метрге сай келмегендіктен, қалыпты деңгейде жылытуға қауқарсыз. Бұл жаңа пәтерлердегі проблеманың тек бір парасы ғана. Зейнеткердің құзырлы органдарға шағымынан әзірге еш пайда болмай тұр. Қазан айында байқала бастаған олқылықтар әлі күнге дейін әуре-сарсаңға салып келеді. Зейнеткер үй кезегін 10 жыл күтіп, қолы енді жеткен баспанасы қазір көгеріп тұр. Бұған себеп - ғимарат төбесінде пайда болған конденсаттың әсері. «Баспаналы болдық» деген қуанышы көпке созылмаған тұрғынның бірі – Қапия Шотанбаева тіпті, пәтерін тастап ауылға қайта көшіп кеткен. Мына көрініске қарап, үйдің су жаңа екенін айтса, сенбессіз. Көгеріп, дым тартқан қабырғалар қазір опырылып жатыр. Ал жуынатын бөлмедегі жылыту құбырының жоқтығы – әр пәтерде кездеседі. Терезе маңын қымтап, әр жерге тегене қойып күн көріп отырған тұрғындардың жағдайы осы. Кейбірі қолдарына көптен күткен баспанасының кілті тиісімен, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасап алыпты. Алайда, дым тартып жапсырған тұсқағаздары ашылып тұр. 2 блоктан тұратын 120 пәтерлі үйде жетімдер мен мүгедектер,жас отбасылар тұрып жатыр. Жұрт қазір денсаулықтары үшін алаңдаулы. Себебі, көктің исі қолқаны алады. Әсіресе, құндақтағы сәбилері жиі ауыратын көрінеді. «Науқас» атанбай тұрғанда осынау олқылықтар жуық арада шешілуін сұрайды тұрғындар. Бұл пәтерлердегі проблемалармен жергілікті әкімдік жақсы таныс. Бірнеше рет комиссия да келіп, көріпті. Болар іс болып, бояуы сіңсе де әзірге еш шара қолға алынбаған. Үйді сапасыз салған мердігер компания енді әр пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті. Алайда, тек күн жылынған соң ғана. Кепілдеме хатта солай көрсетілген. Қыстың ызғары әлі қайтпады. Демек, тұрғындарға салқын әрі дым тартқан пәтерлердің осындай жағдайына тағы біраз шыдаудан басқа амалдары жоқ сияқты. Зайсан қаласындағы Заречный мөлтек ауданындағы Боқажанова көшесі тұрғындарының да шекесі қызып тұрғаны шамалы. «Алтай» арнасы түсірілім тобының ауданға сапары туралы естіп, «жағдайымызды көріңіздерші» деген сөздерін жерге тастай алмадық. Арнайы бардық, өз көзімізбен көрдік. Ықшам аудан ел арасында «Жастар қалашығы» атанып кеткен. Расымен де, Боқажанова 88, 88/1 үйінің тұрғындары – кілең жастар. Үйдің сапасыздығы былай тұрсын, тұрғындар жылу тарифінің тым қымбаттығына наразы. Иә, проблема көзге ұрып тұр. Дым тартқан қабырғалар, сапасыз салынған терезелер – бұл тұрғындардың да бас проблемасы. 120 жанұя тұрып жатқан баспананы да салған сол баяғы бір мердігер компания. Жылу да жекенің қолында. Айына 25 мың теңгедей тек жылуға кетеді екен. «Оның өзінде пәтеріміз қоңыр салқын күйде» дейді наразы жұрт.Тұрғындардың арасында жұмыссыз отырғандары да бар. Сондықтан ай сайын жылудың ақысын төлей алмай, кейбірі қарызға белшесінен батқан. Үйдің есік-терезелері сапасыз салынғандықтан, бөлмелер көгеріп тұр. Қай пәтерге кірмеңіз, бесіктегі балалы жанұя. 6 баланың анасы Әсем Ілбісова – жұмыссыз, тек мемлекет берген жәрдемақымен күнелтіп отыр. Жылу мәселесін бір жақты ету үшін жоба дайындалып жатыр. Тек нәтижесін күтіп отырмыз,- дейді жергілікті әкімдік өкілі. Пәтерлердің сыртқы есіктерін өз қаражаттарына салуға мәжбүр болған жұрт түбегейлі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қорқады. Себебі, арендалық баспанадан ертең шығып қалуымыз да мүмкін деп алаңдаулы. Тұрғындардың сұрайтыны – «Жастар жылында мәселеміз шешілсе» дейді. Жекеге шығарып берсе, өздері-ақ жөндеп алуға дайын. Алайда билік тарапынан уәде берілгенмен, әзірге нәтиже жоқ.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫ
15:25, 20 наурыз 2019
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫ
Толығырақ...