ШҰҒЫЛ! Ақылы демалыс Толығырақ

Өскеменде жолаушы тасымалдаушылар зейнеткерлер мен оқушыларға арналған жеңілдетілген жолақыны алып тастады

14:41, 5 шілде 2019

Жолаушылар тасымалына қатысты соңғы жаңалық Өскемен қаласы тұрғындарын дүрліктірді. Облыс орталығындағы  жолаушы тасымалдаушы компания зейнеткерлер мен оқушыларға арналған жеңілдіктің күші жойылғандығын мәлімдеді. Енді жолаушылар толық 90 теңге жолақы төлеуі тиіс.Өскеменде № 25, 25а, 43, 43а бағыттарында қала ішінде қатынайтын автобустарға  биыл 1-шілдеден бастап, балалар мен егде жастағы адамдар үшін төмендетілген бағадағы жолақы болмайтыны туралы хабармалар ілінді. Енді 70 жастан асқан қарттар мен 15 жасқа дейінгі балалар толық төлем жасайды. 2016 жылы тариф бағасы 90 теңгеге бекітілгені белгілі. Компания басшысы Елена Рядинских осы фактіні алға тарта отырып, бүгінге дейін  жеңілдік бағаны өз қаражаттары есебінен толтырып келгендерін айтады. 3 жылдан бері жанармайдың бағасы едәуір өскеніне байланысты, әрі қарай жеңілдікпен қызмет көрсете алмайтындықтарын да жеткізді.Тоқтатылған жолақы ауыртпалығы саяжайлары бар зейнеткерлер үшін қиынға соқты. Өйткені 25-бағыт Мирный өңірі мен бау-бақша серіктестіктеріне қызмет етеді. Ал 43а автобусымен Куленов кентінде саяжайлары бар тұрғындар ары-бері жол жүреді. Тағы бір тасымалдаушы,  «Воска» ЖШС-і жолаушыларға 8 -шілдеден бастап №5, 12, 17, 33, 39, 42, 53, 67, 71, 351 бағыттарында жеңілдіктерді алып тастайтыны туралы хабарлады. Барлығында бір себеп – әкімдік жеңілдетілген бағамен жүретін жолаушылар төлемінің орнын толтыруы тиіс. Жергілікті әкімдік жолаушы тасымалымен айналысатын мекемені жыл ортасында қаржыландыра алмайтын көрінеді. Бюджетте бұл қарастырылмаған. Іс насырға шаппас үшін, жергілікті билік аталған бағыттарды өзге  тасымалдаушыларға бөліп беру туралы ескерту жасаған. Қазіргі уақытта туындаған проблемаларды шешу туралы екіжақты келіссөздер жүргізілуде. Соңғы жаңалықтар әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында түрлі пікір туғызды. 90 теңгеге келіспеген өскемендіктер балаларға арналған жеңілдетілген жолақы бағасын қайтаруды талап етуде. Мәселенің мән-жайын біздің арна назарда ұстайтын болады.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар