ШҰҒЫЛ! ЭКСПЕДИЦИЯ ҚОРЫТЫНДЫСЫ Толығырақ

ӨСКЕМЕНДЕ 23 КӨШЕНІҢ АТАУЫ ӨЗГЕРДІ

10:39, 11 шілде 2018

Өскеменнің 700-ден астам көшесінің тек 20 пайызы қазақшаланған. Ал қалғаны өзге диаспора өкілдерінің немесе тарихта аты белгісіз адамдардың атымен, тіпті мағынасыз атаулармен тұр. Қордаланған көше мәселесін шешкен қоғамдық тыңдалым болды.

Күлтөбенің басындағы бүгінгі жиын - айта-айта жауыр болған мәселе. Ұлтшыл талай адамның шамына тиген қазақшаланбаған көшелер. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қоғам зиялыларымен қанша айтылса да  сеңдей қатып, бір орыннан қозғалған емес.

Түйіннің шешілер тұсы осы болса керек, ақыры, Өскемен қалалық әкімдігінде 23 көше мен саябақтардың атауын өзгерту туралы қоғамдық келісім болды. «Сен тұр, мен атайын» дейтін қазақ пен орыс зиялылары және пікір қалдырғысы келген қарапайым жұртшылық та жиыла қалды. Бөркімізді аспанға ататын емес, қанша адам - сонша пікір айтылды. Дауласқандары  қаншама?!

ӘЛІБЕК ҚАҢТАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ШҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

«Мынау Өскемен 700-ден астам көшенің, Құдай-ау, бір 15-20 проценті дегенге кім сенеді? Қазір мынау осы жердегі басқа этностардың қазақшаға қарсы болуы, осы уақытқа дейін олар қазақтың даусын естімеген. Қазақты кісі деп есептемеген. Сондықтан бұлар адам екен ғой, бұлар тірілді деп соған қатты ашынып, қарсы пікірлер айтып жатыр. Бұл деген абсурд. Бұл ерте ме, кеш пе, Шығыс Қазақстан қазақтың жері екенін, ерте ме, кеш пе, бұл бәрі қазақшаланады. Бір жыл бұрын, кеш шығар. Бірақ қазақшаланады. Міне, этностар осыны түсінуі керек».  

Саусақпен санарлық көшелер тарихи тұлғалардың атына берілсе де қоғамдық талқылауға қатысушы өзге диаспора өкілдері тарапынан қарсылық көп болды. 23 көшенің атауы тек қазақ ұлтының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де зиялыларының атына берілуде. Қоғамдық талқылауда тіпті қалалық жастар мәслихатының депутаты Михаил Святош бір жарым сағат бойы ұялы телефоны арқылы әлеуметтік желіде тікелей эфир жасаса, өзге диаспора өкілдері «орыс ұлтының жұрнағы қалуы керек» деген пікірді ашық айтты. Атауы даулы болған көшелердің бірі - Ворошилов көшесі. Тарихтан хабары барлар Ворошиловтың қылышынан қан тамған саясатты жүзеге асырған жендеттердің бірі екенін нақты фактімен келтірді. Қысқасы, Ворошиловтың аты аталмаса, қазақ тарихының шырпысы да сынбайтыны белгілі болды.

АЛЕКСАНДР ФЕДОТОВ, ТЕМІРЖОЛШЫ:

«Жалпы, біз негізі Қазақстанда тұрамыз. Қазақтың батырларын осы қазақтың батырларына сай келетін көшелерімізге ат берсек, мен сол шешімді қолдаймын. Сол шешімді дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, қазақтың батырлары ұмытылып бара жатыр. Оны қазіргі жастар біле бермейді. Кімнің қандай болғаны, кімнің қандай дәрежеге жеткенін. Сол себепті қазақтың батырларына сай көшені қойсақ, кейін жастарымыз ойлайды а, мынау мынадай батыр екен ғой, ашып қарайды және де сол себепті сол көшелерге сай болуы керек деп ойлаймын».

Александр Федотовтай ұлты бөлек болса да жаны да қазақ, тілі де қазақ адам некен-саяқ. Бірақ, біз қазағы қазақша сөйлемейтін қоғамда өмір сүріп келеміз. Өзімізді жаттай сыйлап, жатты жанынан түңілдіретін кез келсе де біздің қазақшалануымыз әлі де өгіз аяңмен келеді.

ӘЛІБЕК ҚАҢТАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ШҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

«Елбасы 27 жыл бойы Қазақстан енді қазақшаланатын шығар деп тосып келген. Бірақ ол болған жоқ қой. Сонан кейін, ақыры, «Рухани жаңғыру» дүниесін дүниеге әкелді. Соны түсіне алмай жатырмыз. Біз рухани жаңғыруды жаңғыртуымыз керек, Қазақстанды. Қазақтың өз дүниесін өзіне қайтарып беру. Міне, қазіргі дау осы төңірегінде. Біздің басқа этностар осыны түсінуі керек».

«Бұл соңғы ешкінің әлгі бауыздар алдындағы бақыруы сияқты. Бүгін, міне, Шәкәрім Құдайбердіұлына үлкен даңғылды алсақ, Қасым Қайсенов ағамызға анау саябақты алсақ, бұл - үлкен жеңіс, жетістік. Өскеменнің ортасында сол тәуелсіздіктің жемісі. Бұл - Елбасының жемісі». 

Басы тәтті басталып, соңы қатты болған қоғамдық тыңдалымның  нәтижесі сол, 23 көшенің атауын өзгертіп тынды. Өзімшілдікке баспай, өзге ұлттың да зиялыларын атай жүруді жөн көрдік. Жақия Шайжүнісов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Қасым Қайсенов, Лев Толстой сынды тарихтан өшпес тұлғалар мәңгілік жадымызда. Ал олардың есімдері ұрпағамздың тарихқа деген саналы көзқарасын қалыптастырып, рухан асқақтатытын белгілі.

АЙДАНА ДАЙЫРОВА

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

ПРЕЗЕНТАЦИЯ ИНВЕСТИЦИОННЫХ ПРОЕКТОВ
14:33, 14 желтоқсан 2018
ПРЕЗЕНТАЦИЯ ИНВЕСТИЦИОННЫХ ПРОЕКТОВ
Толығырақ...
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
14:31, 14 желтоқсан 2018
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар