ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ҚАУЛЫ Толығырақ

ОҚУШЫЛАРҒА КОМПЬЮТЕР ЖЕТЕ МЕ?

14:16, 9 қыркүйек 2020

Шығысқазақстандық оқушылар үшін 26 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынады. Ол үшін Үкіметтің резервтік қаражатынан 4 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы электронды білім беру жүйесіне қол жеткізу үшін оқушыларды техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын. Білім беру үрдісін сапалы жүзеге асыру үшін оқушылар мен педагогтар компьютер, ноутбук және интернет сияқты заманауи қажеттіліктерге мұқтаж болмауы шарт. Бұл меже қаншалықты орындалғанын анықтау мақсатында өңір бойынша арнайы сараптама жүргізілген. Талдау нәтижесі 20   мыңнан астам оқушының компьютерлік техникаға мұқтаж екенін растады. Бірінші кезекте аз қамтылған және көп балалы отбасы балалары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар, сондай-ақ оқу озаттары компьютерлермен, ноутбуктермен қамтамасыз етіледі. Тағы 3 мыңы соңғы 5 жыл бойы бірде-бір компьютер сатып алынбаған аудандарға бөлінеді. Қарастырылған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын "Шығыс-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің базасында құрылған жұмыс тобы қадағалайды. Өңірде интернетке қол жеткізу мәселесі өзекті проблемаға айналып тұр. Облыстың 50-ден астам елді мекені ғаламтор желісімен қамтылмай отыр. Үкімет оқушыларды компьютерлермен қамтамасыз етіп, жылдам интернетке қол жеткізуді қысқа мерзімде шешуді тапсырды. ШҚО-да бұл жұмыстар 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар