ШҰҒЫЛ! Салыққа салғырт қарамаңыз Толығырақ

Облыс әкімінің Шемонаихаға жұмыс сапары

14:31, 3 қазан 2019

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шемонаиха ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты. Тақырыпты тілшілер репортажы жалғастырады. Шемонаиха ауданындағы Выдриха ауылының абаттандырылуы үнемі назарда. Жақында ауыл балаларына арналып, мұнда хоккей алаңқайы салынды. 100 елді-мекен мен аудан орталықтарын абаттандыру ісі аясында облыстық бюджеттен 10 млн теңге қарастырылған. Айтпақшы, осы ауылдың жеткіншектері талай спорттық додаларда топ жарып жүр. Елді-мекеннің көркеюіне жергілікті кәсіпкерлер де мүдделі. Сондай шаруашылықтың бірі «Выдрихинское» ЖШС аймақтағы табысты қожалықтардың санатында. Егіс алқабының жалпы көлемі – 12,5 мың га. Оның 3 мыңнан аса аумағында күнбағыс өсіріледі. Шаруашылықтың техникалық жағдайы да жаман емес. Жаңартылған комбайндер, тракторлар жұмыс басында. Серіктестік ұжымы жоғары білімді инженерлермен толыққан. Бұл шаруашылықтың өнімділігін арттырады. Шемонаиха ауданында биыл жазда 14 көпбалалы аз қамтылған отбасы баспаналы болды. 4 қыздың анасы Алена Колмакова жылдар бойы біреудің босағасын паналап келген-ді. Енді, міне, «Парыз» қоры арқылы өз шаңырағына кірді. Аймақ басшысы көпбалалы отбасының үйіне арнайы барды. Облыс әкімі Даниал Ахметов ауданға сапары барысында «Артемьев» шахтасы аумағындағы ауа беретін клетті оқпанның құрылыс жұмысымен  танысты. Бұл «КAZ Minerals» компаниясының инвестициялық жобасы. Өндірістік кешенде шикізат көзі азайып бара жатқандықтан, жаңа учаскелерге көшу көзделген. Осы мақсатта 750 метрлік оқпан салынбақ. Әзірге мердігер компания жер бетіндегі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысанның құрылысы үш жылға жоспарланған. Облыс әкімі бұл идеяны қолдайтынын жеткізді. Енді техникалық-экономикалық негіздеме дайындау қалды. Сондай-ақ, Даниал Ахметов жұмыс сапары аясында "Востокэнерго" ЖШС қазандығында болды. Нысан жылыту маусымына дайын. Штаттық режимде жұмыс істейді. Бір жылдан кейін қазандықты қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар