ШҰҒЫЛ! Жүйелі ақпарат заманы Толығырақ

Нан қымбаттады

14:10, 29 қазан 2019

Өскеменде нан қымбаттады. Дүкен сөрелеріндегі бір бөлке нан 100 теңге.  Мамандар бағаның өсуіне еш негіз жоқ деп сендіреді. Ал наубайшылар кеткен шығынның түсетін табысқа сай емес екенін алға тартады.  Әріптесім Арайлым Нығметоллақызы мән-жайды анықтап көрді. Осыдан екі апта бұрын Павлодар мен Ақтөбе облыстарында нан мен ұн бағасының қымбаттауы туралы ақпарат тарады. Кейін Шығыс Қазақстанда да баға көтерілді. Облыс орталығында 1-сұрыпты ұннан жасалған бір бөлке нан бағасы 90-95 теңге. Тіпті кейбір аудандарда 100 теңгеге дейін жеткен. Жергілікті наубайханашылар бағаны көтерудің өзіндік себептері бар екенін айтады. Қазіргі уақытта басқа аймақтардан бидайға сұраныс көбейді. Шаруалар наубайханашыларға жаз бойы келісі 62 теңгеден аспаған 3-сұрыпты ұнды 85 теңгеден  сатуда. Бөлшек саудадағы бағаны бірқалыпта ұстау қиын.  Жалпы, биыл облыс 600 мың тонна өнім алды. Тұтынымға 300 мың тонна астық қажет болса, қор жеткілікті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 1-1,5 айдан кейін жағдай  өзгереді дейді. Баға өсімі, оның ішінде күнделікті тұтынатын нан бағасының көтерілуі бірінші кезекте  қарапайым халықтың қалтасын қағатыны   аян. Осы орайда  өскемендіктер де өз пікірлерін ортаға салды. Құзырлы орын басшылары нан бағасына байланысты туындаған мәселе жуық арада шешіледі деп сендірді.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар