ШҰҒЫЛ! ҒАЖАЙЫП ТАРИХИ КЕШЕН Толығырақ

MEN QAZAQPYN

15:54, 13 маусым 2018

«Men qazaqpyn» мега жобасының аймақтардағы іріктеуі Ұлан ауданының орталығында өтті. Дәстүрлі ән, терме, күй бағыты бойынша ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ұландық 9 өнерпаз тележобаның іріктеу кезеңіне қатысты.

Ұлан ауданының атынан қатысып отырған өнерпаздар арасында күйшілер саны басым. Домбыра, қобыз бен шертер аспабында шебер ойнаған қатысушылар туындыларын таңдауда мұқият болған. Себебі, жоба талабына сай орындалатын туындылар халық арасында сирек кездесетін ән, күй, терме болуы қажет.

Тележобаның іріктеуіне 9 өнерпаз қатысты. Жастар жағы дәстүрлі өнер бағытында кәсіби білім алып жүрсе, қатысушылар арасындағы аға буын өкілдері өнерді өз ортасында насихаттап жүрген ауыл азаматтары.

ЖАНАТ РАСЫЛХАН, «MEN  QAZAQPYN» ЖОБАСЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІНЕ ҚАТЫСУШЫ:

«Men qazaqpyn»  мега жобасы биыл мына екінші жыл жүріліп жатыр. Бұл жаңағы Елбасының «Рухани жаңғыру» аясында жүргізіліп жатқан іс-шара болғандықтан, бұл біздің халқымызға, ұлтымызға, жеткіншек ұрпақтарға берер еншісі мол деп ойлаймын. Өз басым құптаймын. Осындай жобалар көп болса, әрине, дәріптейтін ұлттық өнерді соның ішіндегі өзіміздің ұлттық аспаптар – қобыз, сырнай, домбырада ойналған әндерді кеңінен дәріптесе деп ойлаймын өз басым».

Қатысушылардың қарымдарын аты ауданға, өңірге белгілі азаматтар бағамдап, әр қатысушының өнерінен бөлек біліміне де мән берді.

АМАНГЕЛДІ СМАҒҰЛОВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ:

«Қобыз жақсы көңілімнен шықты. Дәстүрлі ән жағынан кішкене, енді өзім дәстүрлі әнші болғаннан кейін кішкене қате кетіп жатты. Оны шыңдайды ғой әлде де. Сонда да біздің бағамыз оң».

Тоғыз қатысушының орындау шеберлігін сараптай келе қазылар алқасы төрт өнерпазды облыстық кезеңге өткізуге шешім қабылдады.

УАТҚАН ЖҮНІСОВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ, КҮЙШІ, КОМПОЗИТОР:

«Аудан деңгейінде өздерінің бетке ұстайтын өнерпаздар бүгін көрсеткені. Енді облыстық байқауға өздері сияқты, өздерінен асып тұрған таланттар бізде баршылық Шығыс Қазақстанда.  Анау Үржарда, мына Ақсуатта, Тарбағатайда, Зайсан, Марқакөл – қазақтың өнері тұнып тұрған жерлер. Күршім десек, мысалы үшін. Сондықтан оңай болмайды облыстан ары республикаға кету деген. Бүгін бір жағы көмек болсын, бір жағы жастардың жігерлері жығылмасын деп екі адам алу керек болса, төрт  адам алып отырмыз».

НҰРЛАН ТІЛЕЙХАН, «MEN  QAZAQPYN» ЖОБАСЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІНЕ ҚАТЫСУШЫ:

«Біз Жаппас Қаламбаевтың «Тілепсарын» атты дуэтін орындадық. Өте жақсы шықты деген ойдамыз. Барымызды салып орындадық. Және «Men qazaqpyn» конкурсына қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Өте қуаныштымыз, рахмет!»

САЛТАНАТ МЕЛЛЕДХАНОВА, «MEN  QAZAQPYN» ЖОБАСЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІНЕ ҚАТЫСУШЫ:

«Кішкене қобалжу бар. Барлық қазылар алқасы бізге «дайындалыңдар» деп, өздерінің көмектерін көрсетіп жатыр. Рахмет ол кісілерге көптен-көп!»

Ал аудандардағы іріктеу одан әрі жалғасуда. Глубокое, Катонқарағай және Күршім аудандарының өнерпаздары тележобаның іріктеуіне дайындық үстінде.

 

МЕРУЕРТ РАСУЛОВА

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар