ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ҚАУЛЫ Толығырақ

МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

17:24, 1 қыркүйек 2020

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен облысымызға келіп қайтты. Елордадан келген арнайы делегация Семей полигонының жабылу күніне орай шаһардағы ядролық сынақ құрбандарына арналған монументке гүл шоқтарын қойды. Делегация құрамында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқа да азаматтар бар. Ядролық сынақ құрбандарына арналған монументке гүл шоқтарын қою рәсімінде Мемлекеттік хатшы жарты ғасырдан астам уақыт өткізіліп келген ядролық жарылыстарды толық тоқтатып, полигонды жабу бұрынғы Кеңестер одағы басшылығының қарсылығына қарамастан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі семейліктердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының, қазақстандықтардың, дүниежүзіндегі прогрессивті адамзаттың қолдауына ие болғанын атап өтті. Мемлекеттік хатшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының атаулы күніне орай қазақстандықтарға арнаған Үндеуін оқып берді. Қырымбек Көшербаев бастаған делегация Семей қаласындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, "Қарағайлы"  шағын ауданының, ондағы көпбейінді мәдени-спорттық кешенінің құрылыс барысымен танысты. Қаладағы һәкім есімін иеленген алаң, театр мен Абай музейіндегі қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Мемлекеттік хатшы Абай ауданында да болып, президент Қ.Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай берген тапсырмасына сәйкес қалыпқа келтірілген Сырт-Қасқабұлақтағы, Жидебайдағы тарихи нысандарды аралап көрді.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар