ШҰҒЫЛ! ОБЛЫС ӘКІМІ 19 ШАҒЫН АУДАНДЫ АРАЛАДЫ Толығырақ

ҚҰТҚАРУШЫ ИТТЕР

12:55, 14 қазан 2020

«Жақсы ит иесінің көз-құлағы» халық мәтелі осылай дейді. Ал төрт аяқтыны дұрыстап үйретсе адамдарды да құтқаруға болады. Адамның серігіне айналған хайуан қай елдің болмасын құтқару қызметінде еңбек етеді. Мәселен, облыстық Төтенше жағдайлар Департаментінің өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің кинология бөлімінде 5 қызметтік ит бар. Бәрі де құтқару операцияларында бірнеше рет болған. Наталья Дрожжина қиындығы мен қызығы көп мамандықта жұмыс істейтін нәзікжандылардың бірі. 15 жылдан бері облыстағы өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің кинология бөлімін басқарады. Әлбетте, құтқарушыларға артылған жауапкершілік мол. Десе де, Наталья бұл істе ер азаматтарға да дес бермейді. Оған жанындағы серігі де сеп. Төрт аяқты досымен талай құтқару шараларын сәтті атқардық дейді кинолог. Наталья Рэм есімді итін сенімді серігі, әріптесі деп санайды. Бірақ бұл жануардың да өзіндік мінезі, еркелігі бар. Алайда, тапсырмада әрдайым жинақы, сақ. Рэм жыл сайын кәсібилігін дәлелдеп, сертификаттық сынақтан өтеді. Бір жыл сегіз ай ішінде Рэмге «құтқарушы ит» лауазымы берілген. Күнделікті кинологиялық қызметке 20 ретке дейін қоңырау түседі. Көбінде іздеп-табу жұмыстары. Кинологтың айтуынша, сәтті аяқталған операцияның 80 пайызы иттердің еңбегі. Өйткені, төтенше жағдай кезінде, құлаған ғимарат арасынан жеті қазынаның бірі адамды бірден табады. Құтқарушыларға дұрыс жол көрсетеді. Жұмыстан тыс уақытта да Наталья төрт аяқты досынан айырылмайтыны белгілі болды. Нағыз дос, әріптес деген осындай болар. Екеуінің міндеті де бір – адамдарға көмектесу.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар