ШҰҒЫЛ! МЕДИЦИНА МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАНДАНАДЫ Толығырақ

Кеңейтілген алқа отырысы

18:07, 14 ақпан 2020

Облыс орталығында білім басқармасы коллегиясының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында аймақтағы білім саласының өткен жылы атқарылған жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ, облыс педагогтары өзекті мәселелерді саралап, алда тұрған негізгі міндеттерді жүзеге асыру жолдарын пысықтады.

Өткен жыл білім саласында еңбек етіп жүрген жандар үшін қуанышты жаңалыққа толы болды. Мәселен, көпті елең еткізген «Педагог мәртебесі» туралы Заңның қабылдануы ұстаздар қауымының құқығын қорғау мен жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік бермек. Аймақтың білім саласы да өткен жылы бірнеше бағытты жүзеге асыру бойынша жемісті қызмет етті. Мәселен, өңірдегі басты мәселенің бірі инклюзивті білім берумен қамтамасыз ету. Аталған бағыт бойынша облыс әкімінің тікелей қолдауымен аймақ мектептерінде инклюзивті білім беруге толықтай мүмкіндік жасалды.

Аймақтың білім саласындағы түйіткілді проблемалардың бірі үш ауысымдық мектептер мәселесі. Аталған проблеманы шешу мақсатында өңірде бірқатар тың жобалар қолға алынбақ. Нақты айтқанда мектептер құрылысы жүзеге асырылатын болады.

  Сондай-ақ, білім басқарамасының алқа отырысында дарынды оқушылардың қолынан шыққан жобалардан көрме ұйымдастырылды. Жүзеге асырылып қолдау тапқан жобалардың бірі Хәкім Абайдың 175 жылдығына арналған. Оқушылар бұл бастама арқылы ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттамақ.

  Көпшіліктің қызығушылығын тудырған жобалардың бірі - көп балалы аналардың жасаған балалардың ойлау қабілетін дамытуға негізделген ойыншықтар. Бастама қолға алынғалы көп уақыт болмаса да, қаладағы мектептер мен балабақшалар аталған өнімдерді иеленіп үлгерген.

Жиын соңында облыс педагогтары алда тұрған міндеттерді саралап, Үкімет тарапынан жүктелген негізгі тапсырмаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар