
Облыстың кейбір аудандарында ауа райы күрт нашарлап, жолаушылардың жүріп тұруына қиындық туғызуда. Осыған орай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға қажеттілік туындамаса жолға шықпауды сұрайды. Құтқарушылар Шемонаиха ауданында паромда тұрып қалған 3 жолаушы мен 1 техниканы эвакуациялап, Калбатау ауылы маңындағы жолда 2 жолаушыға көмек көрсеткен.11 қаңтарда, түнгі сағат 1-лер шамасында Шемонаиха ауданы Убинка ауылынан 10 шақырым жерде «Ланд Крузер Прадо» көлігіндегі 3 адам қар құрсауында қалып қойған. Оқиға орнына Шемонаиха ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары жедел жетіп, жергілікті шаруа қожалықтарының 2 тракторының көмегімен жолды тазартқан. Автокөлік пен 3 жолаушыны ең жақын ауылға жеткізген.