ШҰҒЫЛ! Ақылы демалыс Толығырақ

Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тұлғасы мен педагог мәртебесі

13:52, 10 қыркүйек 2019

ҚР еңбек сіңірген мұғалімі «Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тұлғасы мен педагог мәртебесі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.  Мақсаты – ұстаздардың біліктілігін арттырып, тіл білімі мәселелерін талқылау. Саналы ғұмырын білім саласына арнап, жастарды тәлім-тәрбиеге жетелеген ұстаздың артында теңдессіз мол мұрасы қалды. Қанипа Бітібаеваның жетекшілігімен облыста алғашқы ғылым докторлары мен кандидаттары қанат қақты. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына өзіндік серпін беріп, жаңашыл ойларын енгізе білді. Қажырлы еңбек пен терең ізденістің арқасында таутұлғаның еңбектерін республика мектептері қолданысқа енгізген. Қанипа Омарғалиқызының шәкірттерінің бірі – Жанар Әділбекова. Бүгінде  Елордадағы №72 мектеп-лицейінде еңбек ететін ол ұстазы бастап берген сара жолды жалғастыру басты міндеті деп санайды. Себебі, қызметтік мансаптың алғашқы табалдырығын аттаған тұста, кездескен қиындықтарды алған тәлім-тәрбиенің арқасында мойымай, еңсерген. Ұстазын сағынышпен еске алған сәтте еріксіз көзіне жас алды. Мемлекеттік тіл мәртебесін арттырып, ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған шара республиканың түкпір-түкпірінде қызмет ететін педагогтардың басын осылайша бір арнада тоғыстырды. Білім саласындағы басты проблемалар, жаңа технологияларды игеру мәселесі талқыланды. Рухани құндылықтар мен ұлттық сананы жаңғырту жолы қарастырылды. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева өзі ұстаздық еткен «Дарынды балаларға арналған Ж.Жабаев атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында» жалғасын тапты. Бұл күн қазақтың Хан апасының ұстаздық жолы дәріптеліп, педагогикалық еңбектері сараланды. Шәкірттер бойына  Абай мен Мұхтардың ұлылығын ұялатқан  Қанипа Омарғалиқызының еңбектерінде мол мұра жатыр. Елдің әр жерінен келген бүгінгінің үздік ұстаздары өз кезегінде өз ойларымен бөлісті. Мәселен, "Қанипа Бітібаеваның бүкіл еңбектері  ойланту жағы болсын, қиялға берілу, қиял ұштау, тіл байлығын дамыту жағы барлығы Бітібаева технологиясында толығымен жазылған",- дейді  Қарағанды облысынан келген мұғалім Айнұр Жаппарқұлова. Ал Сәуле Шаймұратқызы Катонқарағайдың тумасы. Хан-апамен осыдан 26 жыл бұрын танысқан. Ұстаздық жолға келуіне себепкер болған сол кісі. "Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тұлғасы мен педагог мәртебесі» атты конференцияға 400-ге жуық адам қатысты. 5 түрлі бағыт бойынша  баяндама оқылды. Ұсынылған материалдар келешекте электронды форматта жарияланады. Қорыта айтқанда, білім беру ісіндегі бірқатар өзгерісті Қанипа Бітібаева технологиялары растайды. Дара ұстазды еске алуға арналған конференция мектептің басты тұлғасы – мұғалім екендігін тағы бір мәрте дәлелдегендей.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

Міндетті әлеуметтік көмек туралы не білесіз?
13:54, 13 қыркүйек 2019
Міндетті әлеуметтік көмек туралы не білесіз?
Толығырақ...