ШҰҒЫЛ! Саябақтар ашылды Толығырақ

Қаламгер кітабының тұсаукесері

17:30, 13 ақпан 2020

Шығыстың қарымды қаламгерлерінің бірі - Әлібек Қаңтарбаевтың «Тұлға» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туынды өзге шығармаларының қатарында өзінше шоқтығы биік. Ойы орамды жазушы бұған дейін бірнеше поэтикалық, прозалық тақырыптағы жинақтарын баспадан шығарған. Бұл жаңа кітап интеллектуалдық сұхбат формасында жазылған.

 «Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Қыран ғұмыр», «Сол бір кез есімде», «Армандастар» сынды шығармашылық еңбектердің қатарын енді «Тұлға» кітабы толықтырды. Кітап Төлеген Жирентаев есімді Семей өңірінің тумасының ғұмырбаянына негізделген. Биографиялық, отбасылық шығармалардан ерекшелігі жазылу стилінде дейді қатарластары.

«Тұлғаның» кейіпкері Төлеген Бәкейұлы Жирентаев өмір бойы аттан түспеген, ел ағасы, өңір басқарған адам ретінде сұхбат барысында айшықталады.  Кітапты қолға алып парақтауға оқырмандар да асық. Жаңа, бейтаныс шығарманың әсері олар үшін бөлек болмақ.

Туындыда заман ағымы, ел мен жер, тіл мен діл, ұрпақ тәрбиесі жайында айтылған. Шығармада көнекөз қарияның өткені мен бүгіні жайлы ойлары, өмір туралы толғамдары әңгімеленген. Автор Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы осы туындының дүниеге келуіне түрткі болғанын айтады.

Кездесуге ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері келді. Жиналғандар Әлібек Қалиұлына ізгі тілектерін айтып, иығына шапан жапты.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар