ШҰҒЫЛ! СІБІР ЖАРАСЫНАН 1 АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ Толығырақ

ЕРЛІК САБАҒЫ

16:45, 13 сәуір 2018

Сұрапыл, сұм соғыстың ауыр күндерін бастан өткерген қазақстандық жауынгерлер ел жадынан бір сәтке де шыққан емес. Қол астындағы сарбаздарының өмірін құтқарамын деп марқұм болған Мұрат Қожановты жерлестері еске алды. Биыл батыр азамат 65 жасқа толар еді. Отан алдындағы борышын адал атқарған офицердің өмірі өскелең ұрпаққа өнеге.

Бұл күні Привольное, Таврия мектептерінің оқушылары және 27/943 әскери бөлімінің сарбаздары Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті. Ерлік сабағында әділдік жолында күресіп, жаудың қолынан ерлікпен қаза болған Мұрат Қожановтың өмірі туралы айтылды.

Олег Фролов, Өскемен қаласы Ауған соғысы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары:

Ауған соғысы кезінде өкінішке орай 87 жерлесіміз қаза болды. Барлығы да батыр атағына лайық. Олардың бірі майор Қожанов Мұрат Озанұлы. Алматы қаласында 1974 жылы әскери институтты тәмамдаған болатын . Привольное кентіндегі жаңа мектепке осы азаматтың есімі берілді. Көзі тірі болса бүгін ағамыз 65 жасқа толар еді. Бұл орайда бүгін біз Таврия орталық мектебінде оқушылармен кездесу өткізіп жатырмыз. Мұрат Қожановтың өнегелі ғұмыры туралы оқушыларға баяндап бергіміз келіп тұр. Жастар білсін.

Таврия ауылының оқушылары сұм соғыста мерт болған боздақтардың ерлігін бағалайды. Бұл күні ерлікті ту еткен жас ұрпақ ардагерлерге өлең шумақтарын  арнады.

Мұхаммедсапа Фазылжанов, Таврия орта мектебінің директоры:

Оның ерлігі бүкіл облысқа әйгілі. Сондықтан бүгінгі келіп отырған Ауған соғысының ардагерлері қоян-қолтық сол соғысқа қатысқан.  Қожановтың ерлігін өз көздерімен көрген азаматтар. Сондықтан бұл әрине үлкен қызығушылық танытады. Ерліктерін мақтан етеді. Сондықтан бұл патриоттарды тәрбиелеуде ең жақсы іс-шаралардың бірі деп ойлаймын.

 

Ауыл мектебі 27/943 әскери бөлімімен тығыз байланыста. Бөлім қызметкерлері үнемі оқушылармен кездесіп, ерлік сабақтарын өткізіп тұрады. Бұл жолы жоғары сынып оқушылары мен сарбаздар арасында эстафеталық сайыс өтті.

Нұржан Малғаждаров,  27/943 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі аға офицері:

Жалпы бұл мектеппен біздің қарым-қатынасымыз тығыз. Мектеп оқушылары әскери бөлімде бірнеше рет ашық есік күндерінде болды. Және осы біздің жауынгерлерге хат жазып, жауынгерге хат акциясын ұйымдастыруда бұл мектеп алда белсенді.

Кездесу барысында рухты көтеретін әндер шырқалды және көрермен назарына «Ерлік» тақырыбында бірнеше шағын бейнеролик ұсынылды. Айта кетейік, Қазақстаннан Ауған соғысына 20 мыңнан астам адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті.

Арнұр Шакерханов

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар