
Ақпараттық технологиялардың қоғамға да, адам өміріне де дендеп енгені қашан? Бүгінде ұялы телефонсыз өміріңізді елестету де қиын. Енді анықтама алу үшін бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қолыңызда смартфон, ал оның ішінде «еGov mobile» қосымшасы болса жеткілікті. Қызметтің бұл түрін қолдану үшін мобилді азаматтар базасына тіркелу қажет. Халыққа қызмет көрсету орталығында тұтынушының тұрақты телефон нөмірі жазылуы тиіс. Мемлекеттік қызмет түрлерін электронды түрде түрлі қосымшалар арқылы, атап айтқанда «еGov mobile» қосымшасынан алуға болады. Цифрлық құжатқа лезде қол жеткізесіз. Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тұрғындарға осы қосымшаны телефондарына орнатып, қолданудың жолдарын үйретіп жатыр. Сонымен қатар, мобилді қосымшаның «Цифрлық құжаттар» бөлімінде «Құжатпен бөлісу» қызметі бар. Дайын құжаттардың электрондық нұсқасын үшінші тұлғаға мессенджер арқылы немесе электрондық поштаны пайдалана отырып жіберуге мүмкіндік береді. Уақытыңызды үнемдеп қана қоймай, жұмысыңызды да жеңілдететін мобильді қосымшаны тегін жүктеп алуға болады.