ШҰҒЫЛ! РОБОТТАНДЫРЫЛҒАН ХИРУРГИЯ Толығырақ

ДҮБІРЛІ ДОДАҒА ДАЙЫНДЫҚ

15:55, 13 маусым 2018

Тарбағатай жұрты Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен халықаралық турнирді өткізуге қызу дайындық үстінде. Осымен 6-ншы жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі жарыс 15 маусымда басталады. Шараға әлемнің әр елінен спортшылар жиналады. Қазір аудан орталығы Ақсуат пен Әулие Ырғызбай кешенінде жөндеу жұмыстары аяқталып қалды.

Әйгілі Ырғызбай Досханаұлы кесенесіне соңғы жылдары алыс-жақын шет елден арнайы келетіндер саны артып отыр. Мұнда бір жылда шамамен 5 мыңнан аса адам тәу етеді. Келушілер саны, әсіресе, жаз кезінде күрт артады. Айта өту керек, Ырғызбай Досханаұлы кешені былтыр мемлекет қарамағына өтіп, Қазақстанның киелі мекендер тізіміне енді.

ДІЛДӘБЕК ОРАЗБАЕВ, ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Туризмді дамыту. Осы туризмді дамыту мәселесі бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтырғы жылы, мысалы, бес мыңнан аса адам келіп, тәу етіп зиярат етіп жатыр. Ал биылғы жылы мен өзім ойлаймын, одан бір 10 мың – 15 мың адам келеді деп күтілуде. Себебі, жылдан жылға бұл Ырғызбай Досханаұлы атындағы киелі мекен жөнделіп, мемлекеттік меншікке алынғаннан кейін бұған басқаша көзқарас пайда бола бастады».

Қазір кешенде мешіт, мұражай, «Дала даналарының кітапханасы» қызмет етеді. Сонымен қатар, 50 орындық қонақ үй келушілер игілігінде. Жақында тағы 50 адамдық жатақхана ашылмақ. Кесене маңына тас жол төселген. Маңайы абаттандырылып, ретке келтірілуде. Апта сайын ерікті тұрғындар сенбілік өткізіп тұрады.

ЕРМЕК ТҰРҒАНБАЕВ, ЫРҒЫЗБАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

«Келетін мемлекеттің әрбір спортшысы, оның жаттықтырушысы осында келіп 15 июнь күні, осында кешке жақын үлкен ас беріледі. Осында кір тастарына өлшенеді. Осы арадан атаның батасын алып, Құран қатым түскеннен кейін 16-сы күні аудан орталығы – Ақсуат ауылында қызу күрес басталады, жарыс сол жақта өтеді».

Әулие атаның атын ұлықтау мақсатында биыл осымен алтыншы жыл қатарынан қазақ күресінен турнир өткізіледі. Халықаралық сипат алған дүбірлі додаға былтыр 25 мемлекеттен спортшы келсе, биыл қатысуға ниетті елдер саны 30-ға таяу. Келетін қонақтардың барлығы дәстүрге сай ең әуелі кесене басына барады. Сондықтан жақын күндері мұнда жарық пен су тарту көзделіп отыр.

ДІЛДӘБЕК ОРАЗБАЕВ, ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Облыстың басшысы Д.Кенжетайұлының көмегімен 80 млн қаражат бөлініп отыр. Соған біз 25 км жерден электр желісін тартайық деп отырмыз. Ал енді қараңыздар, бұл жерде бір ғана Әулие кешенге бола тартып жатқан жоқпыз. Біз енді соның бойында бірнеше шаруа қожалықтары тұрып жатыр. Сол жолдың бойында. Енді ертең электр желісін тартқаннан кейін қазір біздің есебіміз бойынша 7-8 шаруа қожалықтары сол әрқайсысы электр желілерін фермаларына тартып алайын деп отыр. Сонда біз бір оқпен екі қоянды атып алайын деп отырмыз».

Ал турнир аудан орталығы - Ақсуатта болады. Белдесу жыл сайын орталық алаңда өткізілетін. Биыл стадионда ұйымдастырылмақ. Бұрын қараусыз қалған спорт алаңы қазір көп өзгерген. Аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, ауыл халқы өз күшімен мұндағы жөндеуді аяқтауға шақ қалды.

МЕРУЕРТ РАСУЛОВА

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

17 МАУСЫМ - МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ
15:25, 15 маусым 2018
17 МАУСЫМ - МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ
Толығырақ...