ШҰҒЫЛ! Ақылы демалыс Толығырақ

Аягөз жыли ма?

14:04, 10 қазан 2019

 «Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деген халық даналығы облысқа қарасты кейбір аудандардағы басшыларға таңсық сынды. Себебі, қылышын сүйретіп іргеде қаһарлы қыс келе жатыр. Аймақтағы қыс мезгілі өзге өңірлерге қарағанда тым суық болатынын ескерсек, Аягөз ауданындағы бірқатар нысандар жылыту маусымына дайын емес. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға арнайы салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйді жылыту мәселесі оңды жолға қойылмаған. Ал мәселе шешілмесе, саны таусылмас сағаттап өткізілген жиналыстар мен жер қопарып, құбыр алмастыра бергеннен келер пайда шамалы. Аягөз ауданына қызметтік сапармен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов атқарылып жатқан шараларға жауаптыларды сынға алды. Сынға іліккен аудан әкімінің коммуналдық қызметтердің қызметін үйлестіретін орынбасары Бауыржан Нүкібаев. Себебі, жылыту қазандығы пайдалануға беріліп қойған. Ал қыруар қаражат жұмсалып салынған нысанның жай-күйі мәз емес. Қаражат көзін толыққанды игеріп, қазандықта құрылыс жұмысын жүргізген мердігер компания әліде нысанмен арпалысып келеді. Бір қарағанда жұмыстар жүргізілген сынды. «Тайға таңба басқандай» сызылған жазбадан оны көруге болады. Дегенмен, мәселе жұмыстың тек қағаз жүзінде ғана орындалғандығы. Нысандағы құрылыс жұмыстары аяқтала салысымен аягөздіктер жылы сумен қамтылу тиіс еді. Алайда, баяғы жартас, сол жартастың айналасынан шыға алмай келеміз.  Бөлінген қаражат көзі де ауқымды. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, «айылын жинамай отырған» мердігерлер" тиісті жазасын алар,  әкімдік қызметкерлеріне де   шаралар қоланылар. Алайда, туындаған проблеманың салдарынан жапа шегетін тұрғындар екендігі ешкімді мазаламайтын сынды. Мұнымен проблемалар легі таусылмады. Көп балалы аналарға берілетін тұрғын үй бой көтермей жатып сынға ілікті. Мәселе, тағы да сол көп қабатты үйді жылыту жағының оңды жолға қойылмауы. Бес қабатты үйді жылытуы тиіс қазандықтың оған шамасы жетпейтін көрінеді. Басты назарда сол баяғы құрылыс жұмысын жүргізу барысында негізгі талаптарды жүзеге асыруға бей-жай қараған аудан әкімінің орынбасары. Сонымен қатар былтырғы жылы Аягөз ауданымен оған қарасты бірқатар ауылға ауыз су тарту жұмыстарын жүргізу үшін 2 млрд. 600 млн. теңге қаражат бөлінген. Көңілге кірбің түсіретін жайт ауыз су тек бір елді-мекенге жеткізіліп, мердігерлер бастаған істі аяғына жеткізбей жарты жолда тасап кеткен. Дегенмен ең сорақысы бұл емес, жұмысты қабылдап алған комиссияның іс-әрекетінде. Комиссия мүшелері су жүйелері толықтай тартылды, берілген тапсырыс толығымен орындалды депті. Дегендері  су толығымен келіпті-мысқа ғана саяды. Алайда мердігер компания өкілдері барлығын толық атқардық деген бетінен қайтар емес. Сонымен қатар аймақ басшыс қызметтік сапары барысында  қоғамда дүрбелең тудырған Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жай-күйімен танысты.   Бүгінгі таңда тағдыр тәлкегіне түсіп, орталыққа тап болған балалардың жалпы саны 105. Оның ішінде 67 ұл, 38 қыз. Ал 82 бала ата-ана қарауынсыз қалғандар. Мекеменің ішін өз көзімен көрген аймақ басшысы қажетті құрал-жабдықтар мен өзге де қажетті дүниелерді анықтау мақсатында, балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорын жеке қабылдауына шақырды.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар