ШҰҒЫЛ! Семинар өтті Толығырақ

Ауыл – ел бесігі

14:23, 13 қараша 2019

«Ауылдық жерлер бос қалып, халқы жаппай қалаға көшті. Ел бесігіне балаған мекен келбетіне нұқсан келіп, қараусыз қалуда» деген алып-қашпа сөз тарағалы қашан? Алайда, тыныс-тіршілігі қаладағы жағдайдан кем түспейтіні де жоқ емес. Қайсыбір ауылдарға газ бен таза ауыз су тартылды. Аймақтағы бар ауылдың жағдайы осындай көңіл қуантарлық болса игі, әрине. Үкімет тарапынан жарияланған «Ауыл-ел бесігі жобасы» шалғай ауылдарға дем беріп келеді. Тақырыпты тілшілер сюжеті сабақтайды. Сонымен қатар кіндік қаны тамған жерінің ертеңіне бей-жай қарамайтын азаматтар туған жеріне  тағзым етіп, Жамбыл ауылының кіреберісіне қақпа орнатқан.  Бұдан өзге ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік жағынан маңызды нысандар газ жүйесіне қосылған. Қоғамдық демалыс орындары да меценаттар тарапынан ашылуда. Мәселен, Жамбыл ауылының тумасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері болған марқұм Нұрлан Мәукенұлы атындағы саябақ дәл осы меценаттар тарапынан тұрғындар игілігіне берілді. Саябақта түрлі әдеби кештер ұйымдастырылып   тұрады.  Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтайтын орын да бар мұнда. Шағын ауылдың кішкентай тұрғындарын мектепке дейінгі біліммен қамту мақсатында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында балабақша бой көтерген.  Балабақша ұжымының дені - жастар. «Дипломмен-ауылға» жобасы аясында қызмет етіп жатқан Жансая Аянова мемлекет тарапынан әр кез қолдау болса, ауылдық жерде қызмет ететін жастар саны артар еді дейді. Аймақта орналасқан ауылдық жерлерді дамыту бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен бөлінген 10 млн. теңге қаражатқа Дайыр ауылында балалар ойын алаңы бой көтерді. Өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын  ұстануға бағыттау мақсатында «Street WorkOut»  құрал-жабдықтары орнатылды. Сонымен қатар аталған ауылдағы орта мектепте қазақ әдебиетінің алпауыты ұлы Абайдың 175 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралар жоспары пысықталуда. Дайыр ауылында қолға алынған шаралар легі мұнымен аяқталмақ емес. Алда тұрғын негізгі мақсаттардың бірі  - газ жүйесін тарту. Сонымен қатар ауылдық жерде мал ұрлау фактісінің алдын-алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дайыр ауылының кіреберісіне бейнебақылау камералары орнатылды. Алдағы жоспарға сәйкес, Дайыр ауылдық округінде мал басы санын арттыру көзделген. Сонымен қатар асыл тұқымды ірі қараның үлес салмағын арттыру басты мақсаттардың бірі.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар