ШҰҒЫЛ! Ақылы демалыс Толығырақ

Аналарға құрмет

15:04, 12 шілде 2019

Тақырыпты одан әрі жалғастырамыз. Бүгінде елде көпбалалы аналарға барынша қолдау көрсетілуде. Бұл игі бастама өңірде де өз жалғасын табуда. Облыстық «Парыз» қорынан қаржы бөлініп, «Аяулы аналарға құрмет пен қамқорлық» акциясы аясында ұландық 23 көпбалалы анаға аудан әкімі баспана кілттерін табыс етті.  Тақырыпты тілші сюжеті тарқатады. Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Василий Олейник қатысты. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша  «Парыз» қорынан бөлінген 73 миллион 100 мың теңгеге 11 елді-мекендегі үй кілттері салтанатты түрде табыс етілді. Бүгінде Ұлан ауданында 950 көпбалалы ана бар. Олардың барлығы болмаса да арасында баспанасыз жүргендері аз емес. Солардың бірі - Сағыр ауылының тұрғыны 6 баланың анасы Зульфия Бөкеева. 1998 жылдан бері баспана азабын тартып келген ол «Аяулы аналарға құрмет пен қамқорлық» акциясы аясында жаңа баспананың кілтіне ие боғанына дән риза.Балаларының алды 20 жаста болса, үйдің сүт кенжесі әлі жасқа да толмады. Қазіргі тұрып жатқан үйлері құлауға шақ қалған және қабырғалары көгеріп, көк исі үйдің ішін алып тұр. Енді балалар жаңа үйде бақытты балалық шақтың базарына кенелетін болады. Бұл күні ауданға қарасты тұрғындар осындай қуанышқа куә болды. Жаңа қоныстарымен құттықтап, үй-үйді аралаған аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бастама әлі де жалғасын табатындығын жеткізді. «Бақытты отбасы» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы бойынша көпбалалы аналарды үймен қамту жоспарда бар. Бұдан бөлек өзге де әлеуметтік көмек көрсетіледі. Балабақша тегін, білім алып, кәсіп ашуға да жағдай жасалған. Аудан кәсіпкерлері де барынша қолдау көрсетуде. Аудан бойынша әлі де 43 көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар