
ШҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің коронавирустық инфекциясымен сырқаттанушылықтың алдын алу жөніндегі шаралар туралы жаңа қаулысы шықты. Құжатта сайлау комиссияларының мүшелері профилактикалық мақсатта ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеуге жататын контингент болып айқындалып, 72 сағатқа үйде оқшаулансын делінген. Белгіленген уақыт өткеннен кейін ПТР әдісімен COVID-19 бақылау тестілеуінен өтуге міндеттеледі. Бұл шаралар аурудың алдын алу, таратпау мақсатында қабылданып отыр. Үйде оқшауланғандардың сынамасы оң нәтиже көрсетсе, уақытша жұмыстан шеттетіледі. Ал, COVID-19-дың айқын белгілері анықталса емдеуге жатқызылады. Сәйкесінше, ПТР тапсырғандарда теріс нәтиже болса, ары қарай қызметін атқаруға рұқсат. Жаңа қаулының алғашқы тармақтарында осылай жазылған. Сайлау науқанының басы-қасында жүріп, көпшілікпен қарым-қатынаста болғандықтан, сақтық шараларын ұстанған жөн. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына үйде оқшауланғандарға медициналық бақылау жүргізуді, сондай-ақ, COVID-19-ға бақылау тестілеуін ұйымдастыруды қамтамасыз ету тапсырылған. Сонымен қатар, қалалар мен аудан әкімдері сайлау өткен орындарды қорытынды дезинфекциялауды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс. Қаулы меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті. Айта кетейік, есептік өлшемшарттар негізінде CОVІD-19 науқастарын емдеуге арналған инфекциялық стационарлардағы төсек қорының қамтылу пайызы–7,0 %, ал, облыс бойынша инфекцияның репродуктивтік мәні R–0,95 құрағаны жазылған.