
Жаңа жыл қарсаңында Риддерде қалалық ауруханада жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін инфекциялық бөлім пайдалануға берілді. Стационарда қысқа мерзімде коронавирусқа шалдыққан азаматтарды емдеу үшін бар жағдай жасалған. Естеріңізге сала кетейік 2020 жылдың қазан айында Риддерде қалалық аурухананың инфекциялық бөлімінде жөндеу жұмыстары басталған болатын. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін 400 млн.теңге қаражат тартылған. Құрылыс жұмыстарына 100-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітаппаеваның айтуынша, мердігерлер жөндеу жұмыстарын бекітілген уақытта аяқтады. Ал бұған дейін халыққа қызмет көрсеткен №1 КВИ жұқпалы аурулар ауруханасы осы жаңа ғимаратқа көшіріледі. Стационарда 23 төсек-орын орналастырылған. Қажет болған жағдайда жобалық қуатын үш есеге ұлғайту мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ былтыр 29 қазанында қала, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін жылжымалы медициналық кешен іске қосылғанын да атап өткен жөн. Құны 156 миллион 700 мың теңге болатын кешен ҚР Үкіметі резервінің қаражаты есебінен сатып алынды. Атап өтерлік тағы бір жайт, ауруханаға қосымша 5 жедел-жәрдем көлігі берілді.