
Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Сала мамандары ауруханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығы болмайтынын жеткізді. Коронавируспен күресте тағы қандай шаралар қолға алынып жатыр? Әріптесім жалғастырады.Облыстағы медициналық мекемелерде коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауырған науқастарды емдеуге қажет дәрі-дәрмек жеткілікті. Мамандар 2-3 айға шақталған қор бар дейді. Дәрілер апта сайын жеткізіліп отырады. Демек алдағы уақытта дәрі-дәрмектен тапшылық болмауға тиіс. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері ауруханаларда өкпені жасанды желдету құрылғылары да жеткілікті екенін атап өтті.Сонымен қатар, жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19-ға шалдыққандарға 3 мыңнан астам жатын орын әзірленген.Сондай-ақ науқастарға дер кезінде қызмет көрсету үшін облысқа 216 жедел жәрдем көлігі бөлінген. Оның 60-ы бүгінде жұмыс істеуде. Автокөліктердің 50-і Өскеменде, ал 10-ы Семей қаласында қызмет көрсетуде.