ШҰҒЫЛ! СЕМЕЙДЕ ИММУНДЫҚ ПЛАЗМАНЫҢ 976 ДОЗАСЫ ДАЙЫНДАЛДЫ Толығырақ

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ

18:00, 1 қазан 2020

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға». Иә, ұстаздық ұлы ұғым. Өйткені, шәкірттің шырағын жағушы – ұстаз. Қазақстанда қазан айының бірінші жексенбісі – мұғалімдер күні. Елімізде ұстаздарға құрмет апталығы басталып кетті. Біз де өз ісіне адал, ұлағатты, жаңашыл ұстаздар туралы бейнематериалдар легін назарларыңыза ұсынбақпыз. Тәжірибелі ұстаз Жәния Зиябекқызының сабағын оқушылары асыға күтеді. Қазір балалар қашықтықта болса да мұғалімдерімен байланысқа шығуы белсенді. Бүгін де қазақ тілі пәнінде берілген тапсырмаларды оқушылар тыңғылықты орындап, ойларын ортаға салып жатыр. Ұстаздық жолға Жәния Әлдебаева кездейсоқ келген жоқ. Бала күнінен армандап, мақсат етті. Биыл бұл салада жүргеніне тура 25 жыл. Алғаш Қанипа Бітібаева осы салаға жетелеп, кейіннен «қазақтың Хан апасымен» қатарлас еңбек етті. Бұл Жәния Зиябекқызының өміріндегі маңызды кезең еді. Ширек ғасырда көргені мен түйгені мол ұстаз кейінгі буын әріптестеріне ақылшы. Аға буынның ізін басқан жас ұстаздардың бірі – Біржан Әуезов. Мәртебелі мұғалім мамандығын таңдап, қазір қазанында қайнап жүр. 4 жылдан бері математика пәнінің ұстазы. Алғашында қиын болғанын жасырмайды. Кейіннен мамандығына деген махаббаты артып, алдына биік мақсаттар қойды. Біржан Бекұлы педагогика саласына тың серпін қажет деп санайды. Жаны жаңашылдыққа құмар, 4 тілді еркін меңгерген жас ұстаз 8 сыныпқа арналған алгебра оқулығының авторы. Кітапта баланың психологиясы ескеріліп, тың дүниелер қосылған. Ағылшын тілінде білім алатын лицей оқушыларына бағытталған оқулық дәстүрлі әдістемеден әлдеқайда өзгерек. Жас ұстаздың мақсаты «ағайлап» артынан ерген шәкірттеріне үлгі болу, оларға жақсы тәрбие беру. «Бұл жолда аянып қалмасым анық» дейді Біржан ұстаз.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар