ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ҚАУЛЫ Толығырақ

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ КӨП

13:41, 8 қыркүйек 2020

Ұлан ауданындағы 31 мектепте 5000-нан астам бала  оқиды.  Қазіргі уақытта барлық санитарлық талаптарды сақтау отырып шағын жинақты 22 мектеп штаттық режимде оқытып жатыр. Ал толық кешенді 9 мектепте 131 кезекші сынып ұйымдастырылған. Кезекші сыныптарда  1 мен 4 сыныптың 1965 оқушысы білім алуда.  Сонымен қатар карантин уақытында ауылдарына оралған  басқа мектеп оқушылары мен студенттер интернеттің жоқтығынан онлайн оқи алмаған. Олардың мәселесі қалай шешілді?

Аудан орталығы – Қасым Қайсенов кентіндегі Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектепте 1238 оқушы бар. Қазір 1 мен 4 сынып аралығындағы 424 оқушы мектепте білім алуда. Оларға арналған сабақтар саны 3-тен аспайды. Сонымен қоса даярлық тобының тәрбиеленушілері де күнделікті  1,5 сағат бойы  мектепте білім алады. Қала шетіндегі ауылдарда тұратын оқушылар  ары-бері мектеп автобусымен тасымалданады. Ал карантин уақытында үйлеріне оралған Бестерек ауылының қалада оқитын оқушылары мен студенттері онлайн оқи алмай қатты қиналған.

Жаңа оқу жылы басталысымен Семей Шәкудің үш баласы мектепте жылдағыдай оқып жатыр. Көпбалалы ана бұған дейін интернеттің жоқтығынан қиындық көрген қалада оқитын үш баласы үшін қатты уайымдағанын айтады. Аудандық білім бөлімінің қолдауымен  басқа мектепте оқитын оқушылар мен студенттер Интернетпен жұмыс істейтін бөлмені еркін пайдаланып, қашықтан білім алуда. Интернеті мектепте ғана бар, уай-фай таратылымы жоқ бұл ауылдың балалары 4-тоқсанды  үйлеріне жеткізілген қағаз жүзіндегі  тапсырмаларды  орындау арқылы әупірімдеп жүріп аяқтаған. Ал биылғы жаңа оқу жылы  басталысымен  штаттық режимде жұмысын бастаған мектептің 38 оқушысы, 17 даярлық тобы тәрбиеленушілері білім ордасына күнделікті келіп, сабақ оқиды.  Аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, қашықтан оқитын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға роутерлер, компьютер мен ноутбуктар үлестірілген. Аудандық әкімшілік тарапынан алдағы уақытта техникалық құрылғыларды артығымен алып қою жоспарланыпты. Бүгінде ауданда кезекші сыныптарда оқитын 1965 бастауыш сынып балаларынан бөлек, 22 шағын жинақты мектептердің  1701 оқушысы  дәстүрлі түрде білім алуда. Жағдай тұрақталса, қашықтан оқып жатқан басқа мектеп оқушылары да біртіндеп қалыпты  оқу режиміне көшеді.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар