
Көзі тірісінде «Хан апа», «Қазақтың Қанипасы» атанған ұлағатты ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваны білмейтін жұрт аз шығар. Биыл дара тұлғаның 75 жылдығы. Саналы ғұмырын ұстаздықтың ұлағатты жолына арнаған Хан апа Абай мен Мұхтардың ұлылығын дәріптеді. Қанипа Бітібаева - қазақ педагогикасындағы теңдесі жоқ ерекше құбылыс. Ол қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін, технологиясын дамытуға айрықша үлес қосты. Ұстаздың өскелең ұрпаққа арнап жазған мол мұрасы өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Бүгінде педагогтың есімін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Әрине, қай кезде де шәкірттері үшін ұстаздың жөні бөлек. «Жақсының аты өлмейді» демекші, ұстаздың жарқын бейнесі оқушыларының жадында. Қанипа Омарғалиқызынан тәлім алып, үлкен өмірге қадам басқан шәкірттері сағынышпен еске алады. Қанипа Омарғалиқызының ғылыми еңбектері, оқулықтары мен әдістемелік құралы, бағдарламалары еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздар қауымы үшін баға жетпес қазына. Тек білім ордаларында ғана емес жоғары оқу орындарында да ұстаздың педагогикалық мұрасы насихатталуда. Ұстаздың құнды мұрасын насихаттау, жан-жақты дәріптеу, есімін ұлықтау - баршаның міндеті.