ШҰҒЫЛ! МЕМЛЕКЕТТІК НӨМІР МЕН ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰЖАТТЫ ҮЙДЕ ОТЫРЫП АЛУҒА БОЛАДЫ Толығырақ

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖӨНДЕЛДІ

18:16, 16 қазан 2020

Алтай ауданында биыл 1,5 млрд теңгеге 47 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Қомақты қаржы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бөлінген. Бір ғана Жаңа Бұқтырма кентінде бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысан жөнделді. Олардың қатарында мектеп, мәдениет үйі және балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Жаңа бұқтырма кентіндегі №2 мектептің бұған дейінгі жағдайы нашар еді. Төбеден жаңбыр жауса су ағып, қабырғалары дымданып, көк басатын. Толыққанды жөндеу жұмыстары мұнда 28 жылдан бері жүргізілмеген. Ғимараттың аумағы 2500 шаршы метр болатын шатыры ауыстырылды. Ең маңыздысы да осы мектеп төбесі еді. Әбден тозығы жеткен шатыр үшін санитарлық қызмет мамандары білім нысанының басшылығын сотқа да берген. Яки, «ғимараттың төбесі мүлде жарамсыз, мектепті жабу қажет» деп. Бірақ, кейін жөндеу жұмыстарына ақша бөлінген кезде арыз қайтарылып алынды. Осылайша «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы 43,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кенттегі көркейген нысан мектеп қана емес. Мәселен, мына мәдениет үйінің тұрғанына жарты ғасырдан артық уақыт болды. Бүгінге дейін тек жеңіл жөндеу жұмыстарын өткерген ғимарат ешқашан толығымен жөнделмеген. Мемлекеттік бағдарлама арқасында үлкен шараларды өткізуге арналған зал қайта жаңартылды. Жаңа сахна, балкондар орнатылып, жарықшамдар қойылды.  Ал, бұл балалар және жасөспірімдер спорт мектебі. Жаттықтырушылардың айтуынша спортзалдың жылыту жүйесі жөндеуге дейін көңіл көншітпейтін. Жай күндері салқын ғимарат, қыста мүлде суып кететін дейді. Себебі, спорт мектебінің жылу жүйесі 1975 жылдан бері жаңартылмаған. Мемлекеттік бағдарлама арқасында ауданда 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, тұрғындардың еңбекке орналасу көрсеткіші жақсарып, әлеуметтік нысандар жаңарды.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар