Телеарна туралы

«Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы Кенді Алтай халқының тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы турасында нақты ақпарат таратып, мемлекеттік даму бағдарламасының сындарлы саясатын қолдауда. Табалдырықты табандылықпен аттаған әрбір жаңа қызметкер әкелетін тың идеялардың арқасында арна эфиріндегі бағдарламалардың сапасы көркемдік стилі жағынан ілгерілеу үстінде. Телеарнада эфирді безендірудің графикалық дизайны артты. Ақпараттық хабарлар заманауи технологиялар арқылы өңірдің кез-келген жерінен жеткізіледі. Тақырыптық бағдарламалар мен хабарларды әзірлеуде авторлық көзқарас пен өзіндік ізденіс - басты талап. Тақырыптық хабарлар, авторлық бағдарламаларда әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық, мәдени және спорттық сауықтыру секілді мәселелер жан-жақты қамтылады. Хабарлар ақпараттық , танымдық, көңіл-көтеру, сауықтыру т.б. бағыттарды қамтиды.

Кенді Алтайдың киелі ордасы - Өскемен қаласындағы студия қазақ жеріндегі тұңғыш телевизиялық студия ретінде 1958 жылы наурыздың 16-шы жұлдызында ашылды. Сол күні телеарнаның эфирінде «Жеңіс салюті» бағдарламасы өтті. Қызметке ерекше ынта қойып кіріскен ұжым бірлігінің арқасында 1959 жылдан бастап, аймақта киноөндіріс құрыла бастады. Операторлар «Киев-С» деген қарапайым камерамен жұмыс істеді. Ол камераларда түсірілім 15 метрлік пленкасы бар касеталармен жүргізілетін. Ең қызығы сол, 15 метрлік пленка тек 1 минуттық түсірілімге жететін. Телевизиялық аппараттардың жаңартылуымен қатар, облыста телевизиялық стансалар мен тарату желісі аумағын кеңейту мақсатында радио желісінің құрылысы жүріп жатты.

1968 жылы 1 мамырда  Өскемен мен аудандардың басым бөлігі Орталық телеарнаның бағдарламаларын қабылдау мүмкіндігіне ие болды.

1974 жылдан республикалық бағдарламаларды аймақ жұрты тамашалап, одақ көлемінде болып жатқан елеулі оқиғалар ағымы туралы телеарна эфирінен хабардар болып отырды.

1980 жылы Шығыс Қазақстан облыстық телевизиялық студия кинооператорлары Мәскеу олимпиадасын түсіруге қатысты.

1981 жылы «Перспектива» түрлі-түсті телевизиялық аппараттық және жаңа телепроекциялық блоктар орнатылып, пайдалануға берілді. Көрерменнің көзайымы болған арна эфирінде түрлі-түсті форматтағы бағдарламалар мен жаңалықтар шығарылымы телевизиялық өндірістің тағы бір кезеңін артқа тастап, көш ілгерілеуге бағыт алды.

1988 жылы жылжымалы телевизиялық станция (ПТС) ғимараты салынды және «Магнолия 83-А» жылжымалы телевизиялық станциясы пайдалануға берілді. Ғасыр талабына сай жабдықталған кешен арқылы әр ауданнан, өңірдің тарихи-мәдени орындарынан эфирге тікелей қосылуға болатын. 30 жыл ішінде арна ұжымы жыл сайын жаңа шығармашылық, техникалық топтармен толығып отырды.

1997 жылы Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарының бірігуіне орай, телеарна мен облыстық радио ортақ облысқа жұмыс істейді. Сол жылдың қазан айында телеарна 18 сағаттық ауқыммен 12 метрлік қашықтықта хабар таратуды бастайды.

 2003 жылы Өскемен облыстық телерадиокомпаниясының атауы «Қазақстан» РТРК АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы деп өзгертілді.

2008 жылы қараша айынан бастап «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының 14 сағаттық хабар тарату тізбегі облыстың 100 пайызын қамтыды.

2009 жылы телевизияға 4 камералы жылжымалы ПТС «Мерседес» көлігі берілді.

2010 жылы "Қазақстан-Өскемен" телеарнасы бұған дейін аймақтар арасында болмаған бастаманы қолға алып, аймақтық әріптестері - «Қазақстан-Семей», «Қазақстан-Шымкент», «Қазақстан-Қызылорда», «Қазақстан-Атырау», «Қазақстан-Орал» т.б. телеарналармен ел үшін маңызды, аймақ үшін мәні зор ақпараттар ауысымын қолға алды.

2010 жылдың желтоқсан айынан бастап, аймақтық арналар ішінде алғаш рет "Қазақстан-Өскемен" телеарнасының "Ақпар" ақпараттық шығарылымының бейне нұсқасын www.cityinfo.kz ақпараттық порталынан көру мүмкіндігі туды. Бұл ШҚО бойынша соңғы жаңалықтар мен оқиғалар жайлы әрбір қазақстандықтың еліміздің кез-келген нүктесінен танысуына жол ашты. Ізін суытпай, "Ақпар" ақпараттық шығарылымы тағы 3 сайтқа: www.Altaynews.kz, www.1vko.kz, www.vkonurotan.kz орналастырылды.

2011 жылы телеарнада эфир безендірудің графикалық дизайны артты, 3D жүйесіне көшті.

«Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы ҚР Президенті қатысуымен өткен ұлттық, республикалық және облысаралық маңыздағы көптеген телекөпірлер мен аймақта ұйымдастырылған қоғамдық-маңызды іс-шаралардың тікелей көрсетілімдерін жоғары деңгейде ұйымдастырып, эфирге беру барысында кәсіби біліктілігімен танылды.

«Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы тек облыс аумағымен шектеліп қоймай, мемлекетаралық шекаралық байланыстарды нығайтуға да белсенді атсалысуда. Оның айғағы – Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орай, ҚР Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласы мен РФ Алтай өлкесінің орталығы - Барнаул қаласы арасында екіжақты телекөпір ұйымдастырды. Оның ізін суытпай, кәсіпкерлік байланыстар тақырыбында Өскемен (ШҚО, Қазақстан) – Барнаул (Алтай өлкесі, Ресей) – Могилев (Могилев облысы, Белоруссия) арасында үшжақты телекөпір өткізді.

«Қазақстан-Өскемен» телеарнасы көптеген белсенді бастамалардың да ұйытқысы болды. Телеарнада бастау алған ел аумағында баламасы жоқ соны жоба – баспасөз маслихатын тікелей эфирде көрсету мүмкіндігі бар «Қазақстан-Өскемен» баспасөз-клубы жұмыс істеуде.

«Шығыс Қазақстан облыстық телеарнасында «Қазақстан-Семей», «Қазақстан-Шымкент», «Қазақстан-Қызылорда», «Қазақстан-Павлодар» және «Қазақстан-атырау» т.б. телеарналармен ел үшін маңызды, аймақ үшін мәні зор ақпараттар ауысымы ұйымдастырылған. Тәуелсіз елдің тұғырын асқақтатуда атқарылып жатқан жұмыстар жемісі айқын. 

«Қазақстан-Өскемен» телеарнасының тікелей эфирдегі «Жаңалықтар-Новости» ақпараттық бағдарламасы Өскемен, Семей т.б. қалалардың орталық көшелерінде күнделікті ЛЭД-дисплей экрандарында көрсетіледі. Сондай-ақ, «Жаңалықтар-Новости» ақпараттық шығарылымы күнделікті 5 интернет-сайтқа: www.Cityinfo.kz, www.Altaynews.kz сайттарына орналастыралады.

«Қазақстан-Өскемен» телеарнасының ресми сайты

070010, Өскемен қаласы. Стахановская көшесі, 70 үй Байланыс телефондары: 8 (7232) 52-29-24